Астанада тұрғын үй кешенінің төбесінен құлап кете жаздаған жігіт қамауға алынды
20 сәуір күні мас күйдегі жас жігіт Астанадағы «Көркем-3» тұрғын үй кешеніндегі көпқабатты үйдің шатырына шығып, оқиға куәгерлерінің үрейін алған.
Астана, NEGE. Осылайша ол қоғамдық тәртіпті бұзған. Өзінің айтуынша, сол күні қызымен жанжалдасып, шатырдан секірмек болған. Масаң күйде болғандықтан өз әрекеттерін толық көлемде бақылай алмағанын түсіндірді. Алайда сот мұны ұсақ бұзақылық ретінде саралады.
«Құқық бұзушының әрекеттері демонстративті сипатта болып, көппәтерлі тұрғын үйдің шатыр жиегінде тұру, жалпыға ортақ мінез-құлық нормаларын елемеу, өзінің қауіпсіздігіне қауіп төндіру және айналасындағылардың алаңдаушылығын туғызу арқылы көрініс тапқан, бұл оның қоғамдық тәртіпті өрескел бұзғанын және қоғамға айқын құрметсіздік танытқанын көрсетеді», – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сотта жігіт кінәсін толық мойындады.
Сот қаулысымен ол Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434-бабы 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Бұл баптың санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды немесе 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартуды не 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуды көздейді.
Сот жігітке 10 тәулік мерзімге қамаққа алу түріндегі жазаны тағайындады.
«Жаза тағайындау кезінде сот Н.-ның қоғамдық орында демонстративті түрде әрекет етіп, өз өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіргенін, сондай-ақ айналасындағылардың алаңдаушылығын туғызғанын ескерді. Тағайындалған жаза оның түзелуіне ықпал етіп, жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған», – делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.