Астанада тұрақта тұрған бес көлік өртеніп кетті
6 қазанда Астананың Сарайшық ауданындағы А. Байтұрсынұлы көшесінде тұрғын үй кешенінің жанындағы автотұрақта бес автокөлік өртке оранды.
Астана, NEGE. ТЖД ақпаратынша, құтқарушылар оқиға орнына жеті минутта жеткен. Алғашқы бөлімшелер жеткен кезде, көліктердің барлығы ашық жалынмен жанып жатқан.
Қатты желдің салдарынан бір-біріне жақын тұрған көліктерге жалын тез тараған.
Өрт сөндірушілер өртті жедел түрде сөндірді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
ТЖМ автокөлікті өрттен қорғау үшін көлік иелеріне мынадай кеңес береді:
- көлікті техникалық байқаудан уақытылы өткізіңіз;
- электрониканы тек мамандандырылған орталықтарда орнатыңыз;
- көлік салонында әрдайым жарамды өрт сөндіргішті ұстаңыз;
- қозғалтқыштың отын аппаратурасының жарамдылығын бақылаңыз;
- көлікте бөгде, тез тұтанатын заттарды ұстамаңыз;
- жанар-жағармай материалдарын тек герметикалық ыдыстарда тасымалдаңыз.