Астанада психикалық орталықта науқасқа келуші фельдшерге шабуыл жасады
Оқиға 3 сәуір күні Астана қаласы әкімдігіне қарасты қалалық психикалық денсаулық орталығының қабылдау бөлімінде болған.
Астана, NEGE. Жәбірленуші Асылхан Амангелдіұлының мәлімдеуінше, науқасқа келушілердің бірі қабылдау бөлімінде туысымен жолықтыруды талап еткен. Орталық қызметкерлері одан өзінің және науқастың аты-жөнін сұраған. Бұл сұраққа жауап бермеген соң қабылдау бөліміндегілер одан дүйсенбі күні дәрігермен жолығуын өтінген. Бірақ әлгі бейтаныс адам бұл сөзге құлақ аспай, дәрігерді ұрмақ болып ұмтылған, сонан соң оны тоқтатпақ болған фельдшерге тап берген. Ер адамның бұл әрекеті ғимарат дәлізіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
«Мойнымнан қылғындырып, оң жақ бетімнен соққы жасады», – деген фельдшер жедел жәрдем көлігімен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілген.
Орталық дәрігерлері жәбірленушіге бастың сыртқы жарақаты, беттегі жұмсақ тіндердің көгеруі диагнозын қойған.
Қалалық полиция медициналық орталықта төбелес шығарған ер адамның үстінен Қылмыстық кодекстің 380-бабымен (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) іс қозғалатынын мәлімдеді.
Асылхан Амангелдіұлының айтуынша, көбіне есірткі қолданған немесе алкогольдік масаң күйдегі, психикалық ауытқулары бар адамдар түсетін мекедеме осындай қауіп төнген кезде арнайы күзет қызметін хабардар ететін дабыл жүйесі жоқ және мұндай жағдай осымен екінші рет қайталанған. Ол кезде науқасқа келушілердің бірі әйел адамға шабуыл жасамақ болған.
Ол сол кезде-ақ басшылықтан дабыл түймесін орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді сұраған. Алайда басшылық тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдаудың орнына фельдшерге сөгіс беріп, оны орталықтың екінші бөлімшесіне ауыстырып жіберген.