Астанада Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр
17–18 қазан күндері елордадағы «Қазанат» ипподромында Павлодар облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Мұнда азық-түлік нарықтағы орташа бағадан 10–15 пайызға арзан сатылып жатыр.
Астана, NEGE. Жәрмеңкеге Павлодар, Ақсу, Екібастұз қалалары мен облыстың 10 ауданынан 80-нен астам өндіруші қатысуда. Олар елорда тұрғындарына 615 тоннаға жуық азық-түлік әкелген.
Соның ішінде 440 тоннасы – картоп, көкөніс пен бақша өнімдері, ал 102 тоннасы – ет. Бұдан бөлек, жәрмеңкеден сүт, балық, шұжық, бал, ұн және макарон өнімдерін сатып алуға болады.
Павлодар облысы әкімдігінің мәліметінше, тұрғындар азық-түлікті делдалсыз, тікелей өндірушілерден сатып ала алады.
Жәрмеңке аясында мәдени бағдарлама да ұйымдастырылған. Келушілер Г. Н. Потанин атындағы музейдің көрмесін тамашалап, өңір өнерпаздарының концертін көре алады.