Астанада мұнаралы кран құлап, краншы қаза тапты

27 тамызда Астанада құрылыс алаңында КБ-403 мұнаралы краны құлап, ауыр жарақаттан 36 жастағы краншы оқиға орнында көз жұмды.

magnific.com

Астана, NEGE. Telegram-дағы Astanovka98 арнасының ақпаратынша, оқиға бейсенбі күні шамамен сағат 16:30-да Қазыбек би көшесіндегі Alaman тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болған.

Қайғылы оқиғаны елордалық еңбек инспекциясы растады.

Қазіргі уақытта кранның құлау себептерін арнайы комиссия анықтап жатыр. Ведомство өкілдері тексеру материалдары процестік шешім қабылдау үшін полицияға жолданатынын, оқиғаға кінәлі тұлғалардың барлығы жауапқа тартылатынын мәлімдеді.

«Абайсызда адам өліміне әкеп соққан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.