Астанада мектеп маңында екі оқушыны көлік қағып кетті
Абырой болғанда, балаларға зақым келмеген. Дәрігерлер қарағаннан кейін екеуі үйіне жіберілген.
Астана, NEGE. Оқыс жағдай Астанадағы Қалдаяқов көшесінде болған. Қалалық полиция департаментінің мәлімдеуінше, «Changan» автокөлігі белгіленбеген жерден жолды кесіп өткен екі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кеткен.
Полицейлер бұл факт бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Сондай-ақ полицейлер аталған жол учаскесінде құрылыс жұмыстары әлі аяқталмағанын атап өтті. Осыған байланысты қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданған.
«Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Балалар» жол белгілері орнатылып, жылдамдық шектеуі 40 км/сағ дейін төмендетілді, сондай-ақ бағдаршамның қайталама сигналдары қойылды», – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Ведомство өкілдері қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет шаралар қабылданып жатқанын баса айтты.