Марқұм Ұлдана Мырзуанның бұрынғы күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартпақ

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы басталды. Сот отырысын судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр. 

Жоғарғы сот

Астана, NEGE. Сотта тоғыз қабатты үйдің МИБ төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Оған Қылмыстық кодексінің 254-бабы («Міндеттеріне жосықсыз қарау») бойынша айып тағылған.

Қайғылы оқиға өткен жылдың күзінде болған. Шақырту бойынша науқасқа медициналық көмек көрсетуге барған фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне тоғыз қабатты үйдің қасбетінің бір бөлігі опырылып, құлаған. Ауыр жарақаттар салдарынан фельдшер жансақтау бөлімінде көз жұмды. 

Жәбірленуші тараптың адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің мәлімдеуінше, іс бойынша үйдің қасбетінің жағдайы мен кондиционердің орнатылуына қатысты бірқатар сараптама жүргізілген. Сараптама қорытындысында себеп-салдарлық байланыс анықталған. Сонымен қатар адвокат кондиционерді орнатқан мердігерді қоса алғанда, басқа да тұлғалардың жауапкершілігі мәселесін сот барысында қарауды ұсынды.

Іс бойынша алты адам жәбірленуші деп танылған. Олардың арасында Ұлдананың анасы Салима Ешенқұлова мен бұрынғы күйеуі Әділет Зейнел де бар. Адвокаттың айтуынша, отбасы әзірге азаматтық талап қоймаған. Олар сотталушы тараппен диалогқа дайын. Алайда әзірге қарсы тараптан кездесуге шақыру немесе кешірім сұрау туралы ұсыныс түспеген.

Сот барысында Әділет Зейнелдің адвокаты Мұрат Мауметов соттан фельдшердің бұрынғы күйеуінің жәбірленуші мәртебесінен бас тарту туралы шешімін қанағаттандыруын сұрады.

«Әділет Зейнел марқұмның жұбайы ретінде оның қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған. Сонымен бірге Зейнел осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын марқұмның анасы Омарованың іске асыруына қарсылық білдірмейді», – делінген өтінішхатта.

Адвокат өтінішхатта Қылмыстық-процестік кодекстің 71-бабы 11-бөлігіне сілтеме жасаған. Аталған нормаға сәйкес, адам қайтыс болған жағдайда жәбірленушінің құқықтарын оның жақын туыстары немесе жұбайы іске асыра алады. Егер бұл құқыққа бірнеше адам үміткер болса, олар жәбірленуші ретінде танылуы немесе өзара келісім бойынша олардың біреуі жәбірленуші ретінде танылуы мүмкін.

«Осыған байланысты Зейнелдің қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын одан әрі жүзеге асырудан бас тартуын қабылдауды, оның осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші ретінде қатысуын тоқтатуды, сондай-ақ марқұм Мырзуанның анасы Омарованы ҚР ҚПК-нің 71-бабының 11-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс бойынша жәбірленуші деп тануды сұраймын», – деп жазылған өтінішхатта.

Келесі сот отырысы 20 тамызда сағат 10:00-де өтеді. Сот процесінің онлайн-трансляциясын Жоғарғы Соттың YouTube-арнасынан көруге болады.

Еске салайық, бұған дейін фельдшер Ұлдана Мырзуанның жұбайы Әділет Зейнелдің жаңа отбасын құруы қоғамда қызу талқыланған болатын. Ол ҚХП-ға берген сұхбатында қазіргі жұбайымен биыл сәуір айында танысқанын айтқан.