Астанада құрылыс алаңында кран құлап, бір жұмысшы қаза тапты
18 шілде күні кешкі уақытта Астанадағы «Абырой» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында (Тұрар Рысқұлов көшесі, 18/5) мұнаралы кран құлап, бір жұмысшы мерт болды. Бұл туралы оқиға куәгерлері түсірген видео әлеуметтік желілерде тарады.
АСТАНА, NEGE. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен сағат 20:07-де кенеттен соққан қатты жел салдарынан құрылыс краны аударылып кеткен. Оқиға орнында бір жұмысшы оқиға салдарынан қаза тапты.
Құрылыс жүргізіп жатқан BI Group компаниясы оқиғаға қатысты ресми пікір білдірді. Мекеме өкілдері кран техникалық тұрғыдан толық жарамды болғанын, жұмысқа кіріспес бұрын тиісті тексерістен өткенін атап өтті.
— Кран техникалық тұрғыда толық жарамды болды және әр ауысым алдында жоспарлы тексерістен өтті. Оқиға кезінде кран операторы жұмысын аяқтап жатқан. Өкінішке қарай, кранның құлауы бір адамның өмірін жалмады. Қатты жел туралы ескерту төтенше қызметтерден оқиғадан кейін ғана түсті. Қаза тапқан жұмысшының отбасына қайғыра көңіл айтамыз, — делінген компанияның ресми хабарламасында.
BI Group марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.
— Қазіргі таңда оқиға орнында төтенше жағдайлар қызметі мен тиісті мамандар жұмыс істеуде. Қаза тапқан азамат – мердігер ұйымның қызметкері. Біз оның отбасына барлық қажетті көмекті көрсетеміз және тергеу нәтижелері бойынша шаралар қабылдаймыз, — деп мәлімдеді компания.