Астанада кішкентай бала көлікпен дәмханаға соғылды
Оқиға 6 қараша күні елордадағы дәмханалардың бірінің маңында болған.
Астана, NEGE. Полицияның мәліметінше, жүргізуші Daimler Chrysler маркалы көлігін қараусыз қалдырып, дүкенге кіріп кеткен. Осы сәтте оның кәмелетке толмаған ұлы рөлге отырып, оталдыру кілтін бұраған. Салдарынан көлік орнынан қозғалып кетіп, дәмханалардың бірінің ғимаратына соғылған. Абырой болғанда, бала да, дәмханадағы адамдар да зардап шекпеген.
«Көлік иесіне әкімшілік шара қолданылды. Сонымен қатар баласын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін ата-анасы жауапқа тартылды», – деп мәлімдеді қалалық полицияның баспасөз қызметі.
Бұған қоса баланың ата-анасы дәмханаға келтірілген материалдық шығынды өтеуге тиіс.
Полиция ата-аналарға балаларды көлікте қараусыз қалдырмауға шақырады.