Астанада көші-қон заңнамасын бұзғандар ұсталды
Астанада көші-қон заңнамасын бұзған тұлғалар ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы, NEGE. 5-7 тамыз аралығында елордада «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Рейдті өткізу үшін көші-қон қызметі, криминалдық полиция, учаскелік инспекторлар және жол-патрульдік полиция қызметкерлерінен құралған мобильді топтар құрылып, күшейтілген режимде жұмыс жүргізілді.
Үш күн ішінде көші-қон заңнамасын бұзудың 276 дерегі анықталды. Оның 229-ы — шетел азаматтарының Қазақстанда болу тәртібі мен мерзімін бұзуы. Сонымен қатар көші-қон режимін бұзып жүрген тұлғаларға тұрғын жай бергені және уәкілетті органдарға келген шетелдіктер туралы дер кезінде хабарламағаны үшін 35 жеке және заңды тұлға жауапкершілікке тартылды.
12 жұмыс беруші қажетті рәсімдер мен рұқсаттарды сақтамастан шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сот шешімімен 40 шетел азаматы Қазақстан Республикасынан шығарылды, оның ішінде 7-еуі – мәжбүрлі түрде.