Астанада қоғамдық көлік жолақысы 150 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Астана әкімдігі 1 желтоқсаннан бастап, қолма-қол ақшасыз төлем кезінде жол жүру ақысын 150 теңге мөлшерінде белгілеуді ұсынды. 

Астана әкімдігі

Астана, NEGE. Әкімдіктегілер мұны пайдалану шығындарының өсуімен түсіндіріп отыр. Сондай-ақ қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге, автобус паркін одан әрі жаңарту және маршруттық желіні дамытуға байланысты бағаны көтеру қажеттілігі туындаған. Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багажды тасымалдауға жүргізілген есептеулерге сай, 2026 жылы бір сапардың орташа есептік құны қолданыстағы жол жүру ақысынан айтарлықтай жоғары екені анықталды.

Ведомство ақпаратынша, Астанада қоғамдық көлікте жол жүру тарифі 2014 жылы 90 теңге мөлшерінде белгіленген. Содан бергі 12 жыл ішінде жол жүру ақысы небәрі бір рет қайта қаралып, 110 теңгеге қымбаттаған.

Осы он екі жыл ішінде жанармай, қосалқы бөлшектер мен жаңа автобустардың құны, сондай-ақ жүргізушілердің жалақысына жұмсалатын шығын да өскен. Мәселен, 2014 жылы дизель отынының бір литрі шамамен 107 теңге болса, қазіргі уақытта оның құны үш еседен астам өсіп, 329 теңгеге жетті.

Жүргізушілердің еңбекақысына жұмсалатын шығын да айтарлықтай артты. Мәселен, 2014 жылы жүргізушілердің орташа жалақысы шамамен 100-150 мың теңге болса, қазіргі уақытта автобус санаты мен жұмыс режиміне қарай 700 мың теңгеден басталады.

«Осы кезеңде қосалқы бөлшектердің, автомобиль шиналарының, аккумулятор батареяларының, автобустарға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұмысының, сондай-ақ жаңа жылжымалы құрамды сатып алу құны да едәуір өсті», – деп түсіндіреді ведомство өкілдері.

Бұл ретте әкімдік Астанада тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың қолданыстағы шаралары сақталып, халықтың жекелеген санаттарына қалалық қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі берілетінін атап өтті.

Атап айтқанда, мына азаматтар қалада қоғамдық көлікпен тегін қатынай алады:

1. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген азаматтар;
2. жасы бойынша және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ зейнет жасына жеткен, жасы бойынша және асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
3. көпбалалы аналар;
4. көпбалалы отбасылар;
5. мүгедектігі бар адамдар;
6. он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, оның ішінде олардың ата-анасының (заңды өкілдерінің) бірі;
7. Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысушылар арасынан саяси қуғын-сүргін құрбандары, «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталғандар.

Сонымен қатар Астанада білім алатын 18 жасқа дейінгі балалар үшін де жол жүру тегін.