Астанада кезекте тұрғандарға жылдық 5 пайызбен пәтер алуға өтінім қабылданып жатыр
Астанада тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін А91 көшесіндегі №36, 36/1, 36/2 және 36/3 үйлердегі кредиттік тұрғын үйге өтінім қабылданып жатыр. Өтінімдер 7-19 қазан аралығында Baspana Market сайтының жеке кабинеті арқылы қабылданады. Кандидаттарды іріктеу 21 қазанға жоспарланған.
Астана, NEGE. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, барлығы 562 пәтер ұсынылады.
Оның ішінде:
• 1 бөлмелі – 166 пәтер;
• 2 бөлмелі – 276 пәтер;
• 3 бөлмелі – 80 пәтер;
• 4 бөлмелі – 40 пәтер.
Бір шаршы метрдің құны 332 916 теңге деп бағаланған. Несие бойынша пайыздық мөлшерлеме – 5%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі – 5,2%-дан 5,8%-ға дейін. Бастапқы жарна 10%-дан басталады.
Тұрғын үйлер бес қабатты, лифт қарастырылмаған. Пәтерлер толық әрленген күйде сатылады.