Астанада ер адам темекі тұтатқан сіріңкесін лақтырып, тұрақта тұрған көлікті өртеп жіберген
Сот сіріңке лақтырған жүргізушіні де, көлік иесін де кінәлі деген қорытындыға келді.
Астана, NEGE. Жоғарғы соттың хабарлауынша, оқыс оқиға өткен жылдың мамыр айында Астанадағы автотұрақтардың бірінде болған. Жауапкер өз көлігінде темекі шегіп, терезеден сөндірілмеген сіріңкені лақтырып жіберген. Осы кезде жақын маңда тұрған, газ баллон жүйесімен жабдықталған Audi A6 көлігі жанып кеткен. Бұл сәт сыртқы бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Тәуелсіз бағалау қорытындысы бойынша, көлік иесіне 2,9 млн теңгеден астам залал келген.
Сараптама өрттің шығу себебін де анықтады: талап қоюшының көлігінен газ шығып, салдарынан ауаға таралған. Ал жауапкер тастаған сіріңке оның тұтануына түрткі болған.
Талап арыз автокөлік иесінің тұрғылықты жері мен тіркеу орны бойынша берілгендіктен, істі Тараз қалалық соты қарады. Жауапкерге қатысты қылмыстық іс қасақана болмағандықтан, ал әкімшілік іс жүргізу – мерзімінің аяқталуына байланысты тоқтатылды.
«Сот өртенген көліктің иесі де өрескел абайсыздық әрекеттерге жол берген деп таныды. Автокөлік ГБЖ-мен жабдықталғанмен, ұзақ уақыт тұраққа қою кезінде өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмаған, бұл газдың шығуына әкелген», – делінген хабарламада.
Сот өрт екі тараптың да қателігінен шықты деген шешімге келді: бірі — абайсыздық танытса, екіншісі — көлікті пайдалану ережесін бұзған.
Осылайша, екі тараптың кінә дәрежесін ескере отырып, сот жауапкерден көлік иесінің пайдасына 1,6 млн теңгеден астам сомаға материалдық өтем мен сот шығындары өндіріп берді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.