​Астанада ер адам көлік иесінің көз алдында Valentino сөмкесін ұрлап кеткен

Астананың Шұбар шағын ауданында ер адам есігі ашық қалған көліктен құны 1 млн теңгедей тұратын Valentino сөмкесін ұрлап кеткен.

Астана ПД видеосынан скрин

Астана, NEGE. Полиция мәліметінше, Volkswagen Polo автокөлігінің иесі сол сәтте машинаның артында танысымен сөйлесіп тұрған. Күдікті көлікке білдіртпей жақындап, алдыңғы орындықта жатқан сөмкені алып кеткен.

Сөмкенің ішінде 60 мың теңге мен жеке құжаттары болған.

Полицейлер күдіктінінің кім екенін анықтап, оны ұстады. Ол ақшаны жұмсап үлгерген, ал сөмкені жасырып қойған. Тәртіп сақшылары сөмкені тауып, иесіне қайтарды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Полицияның хабарлауынша, ол бұған дейін де осыған ұқсас қылмыстар бойынша жауапқа тартылған.

Ұрлық дерегі бойынша тергеу жүріп жатыр.