Астанада екінші әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады
Астанада екінші әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Астана, NEGE. Министрдің айтуынша, алдағы үш жыл ішінде еліміздегі әуежай инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылады. Бұл ретте Астанада екінші әуежай салу басым жобалардың бірі болып отыр.
«Әуежай инфрақұрылымына келетін болсақ, алдағы үш жылдың ішінде жаңғырту жұмыстарын жүргіземіз.
Астана әуежайы мәселесіне тоқталсақ, бұл – кезек күттірмейтін міндет. Қала әкімдігі тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Құрылыс келесі жылы басталады», – деді Нұрлан Сауранбаев.
Министрдің айтуынша, әуежайларды жаңғырту жобаларының басым бөлігі жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Ал жалпы аэрохабтарды дамыту жұмыстары алты ірі әуежайды қамтиды. Бұл бағытта қажетті институционалдық және инфрақұрылымдық жағдайлар жасалып жатыр.