Астанада дзюдодан халықаралық Grand Slam жарысы өтеді
Ертең Астанада дзюдодан халықаралық Grand Slam жарысы басталады. Беделді турнирге әлемнің 49 елінен 400-ден астам дзюдошы қатысады. Олардың қатарында Олимпиада және әлем чемпиондары бар.
Астана, NEGE. Ел астанасына қазірдің өзінде екі дүркін Олимпиада чемпионы Таканори Нагасе (Жапония), Рио-2016 жеңімпазы Рафаэла Сильва (Бразилия), Париж Олимпиадасының чемпионы Беатриз Соуза (Бразилия) және отандасымыз, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев және басқа да жұлдыздар келді. Бұл турнир — әлемдік дзюдо аренасындағы ең жоғары дәрежелі жарыстардың бірі.
Ережеге сәйкес, жарысты қабылдаушы ел әр салмақта төрт спортшыға дейін қатыстыра алады. Бұл жас спортшылардың тәжірибе жинақтауына және IJF әлемдік рейтингінде маңызды ұпайлар еншілеуіне жол ашады.
Турнирге Елдос Сметов те қатысады. Алайда, бұл жолы тек құрметті қонақ ретінде. Жанкүйерлер қазақ спортындағы аңыз тұлғамен жүздесіп, естелікке суретке түсе алады.
Grand Slam жеңімпаздарына - 1000, күміс жүлдегерге — 700, ал қола медаль иегеріне 500 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Олимпиада жолдамасына талас жолындағы шешуші мәнге ие.
Аталған жарыс — Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіндегі әлем чемпионатына дейінгі соңғы ірі турнир. Ұлттық құраманың бапкерлері спортшылардың дайындығын осы сында нақты бағалай алады.
Жарыстар Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді және Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Кіру — тегін. Бұл — жанкүйерлер үшін әлемдік дзюдо жұлдыздарын көзбе-көз көруге таптырмас сәт!