Астанада бір донор бірден үш науқасқа өмір сыйлады
11 тамызға қараған түні Астанада бір донор бірден үш пациентке өмір сүруге мүмкіндік берді. Донорлық процесс кезінде алынған жүрек, өкпе және бауыр трансплантаттау кезегінде тұрған пациенттерге салынбақ.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі хабарлап, донордың туыстарына шынайы алғысын білдірді.
«Осындай әр жағдайдың артында дәрігерлердің, реаниматологтардың, трансплантологтардың, донорлық үйлестірушілердің, санитариялық авиация мамандарының және басқа да көптеген медицина қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұр. Алайда ең алдымен, бұл – ең қиын сәтте отбасының қабылдаған шешімі. Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына көрсеткен батылдығы мен адамгершілігі үшін шынайы алғысын білдіреді», – делінген хабарламада.
Ведомство ақпаратынша, жыл басынан бері Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантаттау жасалған. Ал 11 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мультиағзалық донорлық процесс жүргізілген.
«Бұл – артында нақты адамдар мен олардың отбасылары тұрған көрсеткіштер. Өмірін өзгерте алатын қоңырауды күн сайын асыға күтетін адамдар», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері.
Өткен жылы бұл бағытта айтарлықтай бетбұрыс байқалып, бір жылдың ішінде 18 донорлық процесс жүргізілген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп. Трансплантаттау саны 68-ге жетіп, үш есеге жуық артқан.