Астанада блогер Айтым Жақыпов жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл арқалады
Қазақстандық танымал блогер әрі фитнес-жаттықтырушы Айтым Жақыпов желіде жарияланған видеодан кейін әкімшілік жауапқа тартылды.
Астана, NEGE. Желі қолданушыларының бірі Threads-те Mercedes-Benz көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережесін бірден бірнеше рет бұзғанын көрсететін фото және видеоны жариялаған. Оның айтуынша, оқиға Астанада Қарқаралы тасжолында, жеңіл рельсті көлік желісінің бойында болған.
Желі қолданушысы жүргізушінің жол жиегімен жүргенін, жол белгілері талаптарын сақтамағанын, бағыт көрсеткішін қоспай маневр жасағанын, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, апаттық жағдай туғызғанын жазған.
Кейін видеода көрсетілген көлік Айтым Жақыповқа тиесілі екені белгілі болды. Блогердің өзі де жол ережесін бұзғанын мойындады.
«Қатты асығып бара жаттым. Егер біреуге қолайсыздық тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.
Астана қаласының полиция қызметі бұл құқықбұзушылыққа назар аударды.
«Жүргізушінің жеке басы анықталды. 34 жастағы құқық бұзушы жол белгілерінің талаптарын орындамағаны, сондай-ақ қарсы бағыттағы көліктерді басып озу және маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Айтым Жақыпов – Instagram желісінде 3,9 миллион оқырманы бар танымал блогер және артық салмақтан зардап шегетін адамдарға көмектесетін жобаларымен кеңінен танымал спортшы.