Астанада баланың үстіне футбол қақпасы құлап кетті: полиция қылмыстық іс қозғады
Астана қалалық полиция қызметі баланың үстіне футбол қақпасының құлау фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде полиция департаменті өкілдері хабарлады.
Құқық қорғау органының мәліметінше, тоғыз жасар бала жаттығу кезінде қақпа конструкциясына асылған. Соның салдарынан қақпа баланың үстіне құлап кеткен.
«Бала жарақат алды, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, оқыс оқиға 10 тамыз күні кешке Қазақстан футбол федерациясы орналасқан ғимаратта болған. Футбол қақпасы құлап жарақат алған 9 жастағы бала жансақтау бөліміне түскен. Дәрігерлер баланың жағдайын ауыр деп бағалады.
Қазақстан футбол федерациясы оқиға болған футбол алаңы жаттығу өткізу үшін жеке футбол мектебіне жалға берілгенін хабарлады. Сондай-ақ Федерация өкілдері нысан мен жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіліп жатқанын атап өтті.