Астанада балабақша құрылысы негізсіз созбалаңға салынған
Астанада уәкілетті орган инвесторға құны 800 млн теңге болатын заманауи балабақша салуға рұқсат қағазын беруден негізсіз бас тартқан.
Астана, NEGE. Елордалық прокурорлардың мәлімдеуінше, уәкілетті органның бұл әрекеті жобаны іске асыру мерзіміне әсер етіп, құрылыстың толық тоқтап қалу қаупін тудырған.
«Прокуратураның жедел араласуымен әкімшілік кедергілер жойылып, рұқсат беру мәселелері қысқа мерзімде шешілді. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қалыпты режимде жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.
Айта кетерлігі, инвестициялық жоба арқылы 60 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның үстіне балабақшада бүлдіршіндерді гуманистік-тұлғалық педагогиканы, Reggio-тәсілі мен балалардың эмоциялық интеллектісін дамытуға бағытталған скандинавиялық әдістемелерді үйлестіретін, сондай-ақ балалардың дербестігін дамытуға бағытталған заманауи білім беру бағдарламасымен тәрбиелеу жоспарланған.
Астанада бүгінде 30 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Бұған дейін қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандар құрылысына ерекше көңіл бөлініп жатқанын, 2017 жылдан бері елордада мемлекеттік балабақшалар салынбағанын мәлімдеген еді.