Астанада әйелдің қазасынан кейін төрт бұрынғы полиция қызметкері ұсталды
Астанада 30 жастағы әйелдің өлімінен кейін Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты қызметкерлерге қатысты қызметтік тексеру жүргізді.
Астана, NEGE. Тексеру нәтижесінде теріс себептермен полиция қызметкерлері жұмыстан шығарылды. Қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, екі аудандық полиция басқармасының бастықтары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қаласы полиция департаменті бастығының бір орынбасары қызметінен босатылды.
Департамент бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
«Бұдан бөлек, қызметке салғырт қарау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы іс аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды. Тергеу жалғасуда», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Істің тергелу барысын Ішкі істер министрі бақылауға алған.
Әйел өліміне күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық істі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.