Астанада 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған: арнайы ХҚКО қызметкерлерінің ісі сотқа жетті

Астанада жүргізуші куәлігін заңсыз алып берумен айналысқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Күдіктілер арасында арнайы ХҚКО қызметкерлері мен делдалдар бар.

Pixabay.com

Астана, NEGE. Прокуратура мәліметінше, олар емтиханнан өтудің заңсыз жолын ұйымдастырған.

Делдалдар орталықтың сыртында тұрып, теориялық емтихан тапсырушыларға сұрақтардың дұрыс жауабын айтып отырған. Ал арнайы ХҚКО қызметкерлері үміткерлер практикалық емтиханды тапсырғандай етіп, ақпараттық базаға жалған мәлімет енгізген.

Осылайша, 2025 жылы 74 адам жүргізуші куәлігін заңсыз алған. Қазір олардың бәрінің куәлігі жарамсыз деп танылды.

Іс бойынша 10 адам күдікке ілінген. Олардың алтауы қамауда, үшеуі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған, ал біреуі үйқамақта отыр.

Күдіктілерге ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу және ақпаратты заңсыз өзгерту баптары бойынша айып тағылған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.