Астанада 4,4 млрд теңгенің пәтерлерін жалған үлескерлер арқылы иемденбек болғандар әшкереленді

Астанада жалған шарттар арқылы пәтерлерді заңсыз иемдену ісі бойынша 19 адам күдікті деп танылып, оның тоғызы қамауға алынды. Бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

ҚМА/видеодан кадр

Астана, NEGE. Тергеу мәліметінше, «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің бұрынғы басшысы Айдын Байжұманов 2016 жылы 1,5 мың үлескердің 10 млрд теңгесін жымқырғаны үшін сегіз жылға сотталған. Ал пәтерлердің бір бөлігі көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және басқа да әлеуметтік осал азаматтарға берілуі керек болған. Кейін бостандыққа шыққан соң Бажұманов сыбайластарымен бірге пәтерлерді заңсыз иемденудің жаңа схемасын ұйымдастырған.

ҚМА өкілдерінің мәлімдеуінше, қылмыстық топ пәтер сатып алмаған азаматтардың атына жалған шарттар рәсімдеп, олардың атынан құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Соның негізінде қозғалған қылмыстық істерде жалған үлескерлер жәбірленуші деп танылған. Кейін топ сот шешімдері арқылы пәтерлерді өз атына рәсімдеп, сатып, ақшаны бөлісуді көздеген.

Тергеу барысында 80-нен астам жалған үлескердің іске тартылғаны және 170 жылжымайтын мүлік нысанын заңсыз иемдену жоспарланғаны анықталды. Нәтижесінде жалпы құны 4,4 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді. Ал жалған шарттарды сатып алған азаматтарға 400 млн теңгеден астам шығын келген.

Іске полиция қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін екені анықталып, лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және дәлелдемелерді бұрмалау деректері бойынша тергеу басталды.

Жалпы 19 адам күдікті деп танылып, тоғызы қамауға алынды. Күдіктілердің 250 млн теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.

Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, тараптар іс материалдарымен танысып жатыр.