15 сентября 2025 г. 19:35

Астанада 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылады

Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында биыл абаттандырылатын аулалар мен қоғамдық кеңістіктер туралы жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астана, NEGE. «Елордада жыл сайын тартымды орындар қатары көбейіп келеді. Осы мақсатта қала аумағын абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Биыл 170 аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылады. Жұмыстың басым бөлігі аяқталуға жақын. Абаттандыру кезінде қалада көгалдандыруға ерекше назар аударамыз.

Биыл 1 млн-нан астам жасыл желек отырғызамыз. Абаттандыру және көгалдандыру жұмысы қаланың барлық ауданын қамтиды. Осыған дейін мен қай жерде қандай нысандар салынатыны туралы айтқан болатынмын. Қазір бірнеше ірі жобаға тоқталғым келеді. Мәселен, жаңа жаяу жүргіншілерге арналған Green Line желекжолы ашылады. Оның ұзындығы 3,5 км-ден асады. Төле би көшесінен Омаров көшесіне дейінгі учаскені жаяу жүргіншілерге арналған жасыл кеңістікке айналдыруды жоспарлап отырмыз. Қазір алғашқы кезектегі жұмыс – Күлтегін көшесінен Әнет Баба көшесіне дейін (қазан айының соңында) аяқталуға жақын. Желекжолдың негізгі идеясы – жайлы жасыл дәліз құру: мұнда ірі ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылады, демалыс пен серуендеуге арналған көлеңкелі орта қалыптасады. Маршрут бойында ойын және спорт алаңдары, демалыс аймақтары, заманауи қалалық жиһаз және т.б. орнатылады.

Жақын арада осы учаске қала тұрғындарының серуендеуіне арналған жаңа орынға айналады. Сол сияқты Есіл өзені бойындағы саябақ кластерін абаттандыру бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Ататүрік саябағындағы жағалауды абаттандыру аяқталды, Триатлон саябағы бойындағы жағалауды реконструкциялау жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, жаңа қоғамдық кеңістік – Бейбітшілік пен келісім саябағын салу жұмысы да аяқталуға жақын. Оның орталық элементі – мәңгілікті, үйлесімділікті және ұрпақтар сабақтастығын бейнелейтін Өмір ағашы болады. Өмір ағашының айналасында мазмұндық мәнге ие төрт инсталляция орналасады, олардың әрқайсысы бейбітшілік, келісім және рухани бірлік құндылықтарын бейнелейді. Бұдан бөлек, саябақта каскадты сарқырамалар, «жұлдызды аспан» туннелі, жаяу жүргіншілер жолы, демалыс аймақтары жасалып, жасыл екпелер отырғызылды. Бұл оны тек символдық емес, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы орынға айналдырады. Қаланы абаттандыруға құрылыс компаниялары да араласады. Олар өз қаражаты есебінен Керей мен Жәнібек хандар көшесінің, Әл-Фараби даңғылының және Бұқар Жырау көшесінің қиылысында құрылысы жүріп жатқан ауданда жаңа қоғамдық кеңістікті салып жатыр. Мәңгілік Ел даңғылын абаттандыру жалғасуда. Қазіргі кезеңді қазан айының соңына дейін – Хусейн бен Талал көшесімен қиылысқанға дейін аяқтау көзделген. Келесі учаскені 2026 жылы жалғастырамыз», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.