Астана LRT ісі: Қашқындар қайда жүр?
Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша 10 адам жауапкершілікке тартылған. Олардың үшеуі қашып жүр. Мұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіндегі екінші департаменттің басшысы Сергей Перов мәлімдеді.
Нұр-Сұлтан, NEGE. «Қылмыстық тергеу аяқталды. Іс материалдарымен танысу басталды. Жасырынып жүрген қылмыскерлерді іздеу жалғасып жатыр. Мемлекетке келген зиян – 5,7 миллиард теңге» деді Перов.
Осы қылмыстық іс бойынша Nege.kz порталы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа ресми сауал жолдаған. Онда «Агенттік іздеудегі күдіктілердің қайда екенінен хабардар ма?» деген сұрақ болған. Бұған төрағаның орынбасары Ш.Қабдула былай деп жауап берген-ді: «Үш адамға халықаралық іздеу жарияланған. Олардың орналасқан жері анықталғаннан кейін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес, Қазақстанға экстрадицияланатын болады».
Ал Перов бұған қатысты былай депті: «Интерпол жүйесі арқылы және олар жасырынып жүруі мүмкін мемлекеттер арқылы іздеу шаралары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне сәйкес, олардың қайда жүргенін айта алмаймын».
Төрағаның орынбасары «қашқындар қайда екенін алдымен анықтап алайық» деді, ал департамент басшысы «білеміз, бірақ айтпаймыз» дейді. Кімге сенеміз?