Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесі берілді
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық X саммиті өтті.
Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары деңгейдегі жиынға қатысу үшін түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы – Қазақстанға арнайы келген мемлекеттер басшыларына айрықша ілтипат білдіре отырып, еліміздің бастамасымен құрылған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі қазір толыққанды, беделді халықаралық ұйымға айналғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы әріптестерін аймақтар арасында сауда-саттықты кеңейтіп, экономикаға қаржы құюға баса мән беруге шақырды.
– Бұл істе Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқарады. Тұрақты экономикалық байланыстарды нығайту үшін жасыл қаржы нарығын дамыту қажет. Қазақстан «Түркі жасыл қаржы кеңесін» құруды ұсынғанын білесіздер. Астана қаласына Түркі әлемінің Қаржы орталығы мәртебесін беру туралы бастама қолдауға ие болды. Сіздерге шынайы алғысымды айтамын, – деді Мемлекет басшысы.