Астана тұрғыны бөтен біреудің ажырасуы салдарынан мүлкінен айырылған
Астана қаласының тұрғыны Елена Глизарова азаматтық істі қарау барысында өрескел заңбұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Салдарынан ол екі көлігінен айырылған, енді коммерциялық нысаны мен пәтерлерінен де айырылып қалуы мүмкін екенін айтады.
Астана, NEGE. Айтуынша, 2024 жылы тамыз айында бұрынғы ерлі-зайыптының мүлікті бөлісуі бойынша Еленаның үстінен сотқа талап-арыз түскен.
«Талап қоюшының бұрынғы жұбайының сыйға алған жер телімі болған. Жер телімін әкімдік сатып алып, ақшаны менің шотыма аударды. Өйткені менің сол адаммен медиативті келісімім болған. Ол маған ақша қарыз болатын. Талап қоюшы ақша түскенін біліп, әкімдікпен келісімді жоюға тырысты», – дейді ол.
Алайда талап қою мерзімі өтіп кеткендіктен және талап қоюшы жер телімінің иесі болмағандықтан, сотта жеңіледі.
Бірінші сатыдағы судья Еленаның әлгі әйелдің алдында ешқандай міндеттемесі болмағандықтан, сотқа қатыстырмайды. Ал екінші сатыдағы сот оны жауапкер ретінде танып, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарады.
Кассациялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырған. Нәтижесінде Еленаның екі көлігі сауда-саттықта төмен бағада сатылып кеткен, енді коммерциялық нысаны мен пәтерлері тәркіленуі мүмкін.
«Омбудсменге, Бас прокуратураға, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Президентке шағымдандым. Видеоүндеулер де жолдадым. Ешқандай жауап жоқ. Барлығы Жоғарғы сотқа сілтейді.
Кеңес алуға жүгінген заңгерлер бұл шешімге қайран қалады: жер телімі тіркеуге қойылмағандықтан, судья бұл талап-арызды қабылдамауы керек еді. Екіншіден, талап қою мерзімі өтіп кеткен. Үшіншіден, сыйға тартылған мүлік бөлінбейді және мен жауапкер де, ешкім де емеспін. Сондықтан екінші инстанцияның шешімі әлдекімнің мүддесіне шығарылған деп санаймын», – дейді Елена Глизарова.
Ол көпшіліктен көмек сұрап, енді осыған ұқсас шешімдер шығарылмаса екен деген тілегін жеткізді.