Астана тұрғыны АИ-95 бензинін құйғаннан кейін көлігі тартпай қалғанына шағымданды
Жанар Ахметжанова есімді Астана тұрғыны мамыр айында сатып алған Hyundai Santa Fe көлігіне АИ-95 бензинін құйғаннан кейін ақау пайда болғанын айтты. Ол жанармай сапасын ресми тексеруді талап етіп, мемлекеттік органдарға және «PetroRetail» ЖШС филиалының директорына талап-арыз жолдаған.
Астана, NEGE. Көлік иесі мән-жайды Threads желісінде баяндап берді. Айтуынша, 14 қыркүйекте елордадан шыға берістегі Qazaq Oil жанармай құю бекеттерінің бірінен АИ-95 бензинін құйған. Шамамен 77 шақырым жүргеннен кейін көлік тартпай қалған.
Ол көлігін Hyundai-дің ресми сервис орталығына апарғанда мамандар ақаудың ықтимал себептерінің бірі ретінде сапасыз жанармай болуы мүмкін екенін айтқан. Жанар Qazaq Oil компаниясына жүгінген.
Компания өкілдері жанармайдан сынама алып, зертханаға жіберген. Көлік иесіне берілген қорытындыда тексерілген көрсеткіштер бойынша сынама белгіленген талаптарға сәйкес келетіні көрсетілген. Алайда Жанар зерттеуде жанармай толыққанды тексерілмегенін айтады.
Qazaq Oil оған сол резервуардан алынған тағы бір сынаманы тәуелсіз сараптамаға жіберу үшін берген. Көлік иесінің айтуынша, мұндай зерттеудің құны шамамен 300 мың теңге болуы мүмкін. Ол жанармайды резервуардан емес, көлікке бензин құйылған колонкадан тексеру қажет деп санайды.
21 қыркүйекте Hyundai-дің ресми сервис орталығы мамандары жанармай жүйесі мен бүріккіштерді қосымша тексерген. Жанардың айтуынша, дилер тапсырыс-нарядта ақаудың себебі ретінде сапасыз жанармай пайдаланылғанын көрсеткен.
Сервис орталығында көліктегі бензин төгіліп, жүйе жуылған, бүріккіштер тазартылып, білтелер ауыстырылған. Сонымен қатар дроссельді жуу және бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Жанардың есебінше, жөндеу жұмыстарына 159,4 мың теңге кеткен. Бұған қоса, такси мен темір канистрге 15,2 мың теңге жұмсалған. Осылайша көлік иесі 174,6 мың теңгедей қаражатын жұмсаған.
Жанар Ахметжанова жағдайды ресми түрде тексеруді сұрап Техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне, Құрылтайға және басқа да мемлекеттік органдарға өтініш жолдаған.
Сондай-ақ «PetroRetail» ЖШС-нің Астана қаласы және Павлодар облысы бойынша филиалының директорына сотқа дейінгі талап-арыз жіберілген.