Астана мен Алматыда тұрғын үй саудасы баяулаған

Қазақстанның екі ірі қаласында тұрғын үй саудасы біршама баяулаған. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, мамырда Астанада үйді сатып алу-сату бойынша 5 122 мәміле тіркелген, бұл сәуір айымен салыстырғанда 16,8%-ға аз. Алматыда да осы шамада 4 925 мәміле жасалды. Бұл көрсеткіш те алдыңғы аймен салыстырғанда 16,2% төмен.

pixabay.com

Астана, NEGE. Жалпы мамыр айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 30 420 мәміле тіркелген. Бұл өткен аймен салыстырғанда 13,5%-ға, ал былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға аз. Ал Алматыда тұрғын үй сатып алу көрсеткіші былтырғыға қарағанда тіпті 31,2%-ға төмендеп кеткен. 

Ұлытау облысында мамырда бар болғаны 261 мәміле жасалғанын айта кеткен жөн.

Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй бойынша мәмілелер саны да сәуір айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 14,5%-ға азайған. Дегенмен әлі де жеке тұрғын үйлерге қарағанда, көппәтерлі үйлерге сұраныс әлі де жоғары. Мамырда пәтерлер бойынша барлығы 23 381 мәміле жасалған, бұл мәмілелердің жалпы санының 76,9%-ына тең. Ең көп мәміле екі бөлмелі пәтерлер бойынша жасалған. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының басым үлесі Астана (21,4%), Алматы (19,3%) қалаларына және Қарағанды облысына (9,4%) тиесілі. 

Мамырда жеке тұрғын үйлер бойынша жасалған мәмілелер саны да алдыңғы аймен салыстырғанда 10,0%-ға азайған. Барлығы 7 039 мәміле тіркелген. Жамбыл, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында жеке тұрғын үй сатып алушылар саны азайған. Тек Павлодар облысында ғана көрсеткіш сәл артқан.