Астана маңында төрт адамды өлтірген ер адам түрме жазасынан босатылды
Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Астана маңындағы Жібек жолы ауылында төрт адамды өлтірген айыпталушыға қатысты үкім шығарды.
Астана, NEGE. Қанды оқиға 2026 жылғы наурыз айында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, Г. анасының үйінде болған кезде, жиені екеуінің арасында ұялы телефонның істен шығуына байланысты жанжал туындаған.
Осы жайттан кейін жиені полиция қызметкерлерін шақырған. Алайда айыпталушының анасы полицейлерге отбасылық жанжал реттелгенін айтып, ұлына қатысты шара қолданбауды сұраған.
Полиция қызметкерлері кеткеннен кейін, Г. телефонның істен шығуына және полиция шақырылғанына ашуланып, ас үй балтасымен үйіндегі адамдарға бірнеше рет соққы жасаған. Төрт жәбірленушінің үшеуі зейнеткер болған. Салдарынан оның анасы, жиені және қонаққа келген екі егде жастағы адам оқиға орнында көз жұмған.
Сот барысында оның бұрын сотталғаны және 2023 жылдан бастап «параноидты шизофрения» диагнозымен психиатриялық есепте тұрғаны анықталған. Сондай-ақ қылмыс жасаған кезде ол созылмалы психикалық бұзылыс жағдайында болғаны және сот алдында жауап беруге қабілетсіз екені ескерілген.
Сот айыпталушының қауіпті іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу шарасын тағайындады
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Қазіргі уақытта Г. Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан республикалық психиатриялық ауруханада қатаң оқшаулау жағдайында емделіп жатыр.