Астана кәсіпкерлер палатасының басшысы өзге адамның ЖСН-і арқылы бәс тікті деген айыптауға жауап берді
Threads әлеуметтік желісінде өзін 2023 жылы Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының қазіргі директоры Қанат Әлиннің жеке жүргізушісі болғанын, кәсіпкер оның атынан бәс тіккенін айтқан азаматтың жазбасы жарияланды.
Астана, NEGE. Жазба авторының мәлімдеуінше, 2024 жылы Әлин депутаттық сайлау алдында тексеруден өтіп жүргендіктен, одан букмекерлік кеңседе әлгі ер адамның атына аккаунт ашуды сұраған. Кейін сол аккаунт арқылы ірі көлемдегі қаражат айналымы болған көрінеді. Қазір ол бәс тігуге қатысты осы жайттан кейін жұмысқа орналаса алмай жүргенін айтып, көмек сұраған.
Қанат Әлиннің өзі бұл айыпты теріске шығарды. Ол NewTimes.kz басылымына аталған мәлімдемелер 2023 жылға қатысты болғанымен, ол Астана қаласы кәсіпкерлер палатасында тек 2024 жылы жұмыс істей бастағанын айтады. Сондай-ақ оның ешқашан жеке жүргізушісі болмағанын, құмар ойындар мен букмекерлік бәс тігуге ешқашан әуес болмағанын айтып, тағылған айыптар шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Бұған қоса Әлин полицияға арыз жолдағанын және бұл жағдай туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына хабарлағанын жеткізді.