Астана әуежайында ондаған рейс кешігуде
Ауа райы мен әуекомпаниялардың операциялық себептеріне байланысты Астана әуежайында рейстер кестесі өзгерді.
Астана, NEGE. Астана халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы, Қостанай, Шымкент, Өскемен, Орал, Қызылорда, Бішкек және Омбы бағыттары бойынша келетін 11 рейс кешігуде.
«Оның ішінде екі рейс әуекомпаниялардың өндірістік себептерінен, үш рейс ұшақты ауыстыруға байланысты, ал қалғандары ұшақтардың кеш келуі себебінен кешігіп жатыр», – делінген хабарламада.
Бұған қоса Астана әуежайынан Шымкент, Петропавл, Семей, Алматы және Омбыға ұшуы тиіс тоғыз рейс кешіктірілуде. Екі рейс Астанадағы ауа райы жағдайына байланысты, ал қалғандары ұшақтардың кеш келуіне байланысты кешігуде.
Сонымен қатар күн райының бұзылуына байланысты ұшып келетін үш рейс және ұшып кететін сегіз рейс тоқтатылған.
«Синоптиктердің болжауынша, 10 наурызда Астанада көшпелі бұлт шығады, кей жерлерде қар жауып, бұрқасын соғады, тұман түседі. Солтүстік-батыстан соғатын желдің күші – 9–14 м/с, екпіні 15–20 м/с болады, күндіз кей жерлерде 23 м/с-қа дейін жетеді», – делінген хабарламада.
Рейстердің нақты уақытын әуекомпаниялардан және әуежайдың онлайн таблосынан білуге болады.