Астана әуежайынан ұшып кететін жолаушыларға бірқатар өзгеріс болатыны ескертілді
Астана халықаралық әуежайының өкілдері аумақта жөндеу жұмыстары басталатынын ескертіп, жолаушыларға сапарын алдын ала жоспарлап, әуежайға ертерек келуге кеңес берді.
Астана, NEGE. Әуежай өкілдерінің хабарлауынша, әуе айлағы маңайындағы және кіреберіс жолдардағы жөндеу жұмыстары бүгін, 21 мамырда басталады.
Жұмыстар аясында асфальт жабыны жаңартылып, бірқатар учаскеде уақытша шектеулер енгізілмек. Осыған байланысты әуежай аумағындағы көлік қозғалысының сызбасы уақытша өзгеруі мүмкін.
«Қоғамдық көлік пен такси қозғалысының бағыттарына да түзетулер енгізіледі. Жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлап, әуежайға ертерек келулерін сұраймыз», – делінген хабарламада.
Бұған қоса елордалық терроризмге қарсы күрес жедел штабы бүгін Астана әуежайы маңында және қала аумағында терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өтетінін хабарлады. Оқу-жаттығу сағат 15:00 мен 20:00 аралығында өтеді.
«Іс-шараның мақсаты – құқық қорғау және арнайы органдар күштері мен құралдарының террорлық көріністерге жедел әрекет етуге дайындығын тексеру. Оқу-жаттығу кезінде жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі», – деп мәлімдеді штаб өкілдері.
Ведомство өкілдері тұрғындарды оқу-жаттығу шараларына түсіністікпен қарауға, қауіпсіздік талаптарын сақтауға, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырдыі.