Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе әуежайлары әлемдік деңгейдегі мультимодальды орталықтарға айналады
Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қалаларындағы еліміздің жетекші әуежайлары логистикалық қызметтердің толық спектрін ұсынатын заманауи мультимодальды орталықтар ретінде дамуда.
Алматы, NEGE. Астанада 2025 жылы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайын жаңғырту жобасы басталды, оның шеңберінде $1,1 млрд. көлемінде инвестициялар тарта отырып, екінші ұшу-қону жолағын, сондай-ақ үшінші жолаушылар және жүк терминалын салу көзделген. Сондай-ақ, индустриялды-логистикалық аймағы, бизнес-орталықтары, қонақ үйлері және сауда алаңдары бар «Аэротрополис» көпфункционалды кешені құрылатын болады.
Алматы әуежайы 2050 жылға дейінгі дамудың бас жоспары бойынша жаңғыртылмақ. Бүгінде бірінші кезең басталып кетті, ол ішкі рейстер терминалының реконструкциясын, такси жолын салуды, ҰҚЖ мен отын инфрақұрылымын жаңартуды, заманауи жүк перрондары мен техникалық қызмет көрсету ангарын құруды қамтиды.
Шымкентте 2024 жылдың 25 желтоқсанында ауданы 40 мың шаршы метр болатын жаңа жолаушылар терминалы ашылып, әуежайдың өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн жолаушыға дейін артты. Алдағы жылдары ұзындығы 3,5 мың метр болатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жоспарланған. Сонымен бірге әуежайды «Оңтүстік» АЭА аумағымен байланыстыратын мультимодальды хаб құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ақтөбеде биыл ауданы 15 мың шаршы метр болатын көпфункционалды логистикалық хабтың құрылысы басталды. Мұнда қазіргі заманғы қоймалар, соның ішінде қауіпті және тез бұзылатын жүктер үшін, тоңазытқыш камералар мен бағалы тауарларға арналған секциялар қарастырылатын болады.
Сонымен қатар Үкімет елдің ірі әуежайларының аумағында арнайы экономикалық аймақтардың шекараларын кеңейту туралы шешім қабылдады. Бұл инвесторларды тартуға, өнеркәсіп пен логистиканы дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның әуе тораптарын ұлттық экономика үшін қуатты өсу нүктелеріне айналдыруға мүмкіндік береді.