9 августа 2022 г. 12:06

Әскери қызметтегі қызды командирі төсекке тартқан

Фото:

Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылындағы 54179 әскери бөлімінде жұмыс істеген әскери қыз командирлеріне қатысты бар шындықты NeMolchiKZ қорына жайып салған. 

Алматы, NEGE. Ол 2019 жылы қызметке шақырылған. Тиянақтылығымен, алғырлығымен көзге түскен Елшібаева А.Б. мінсіз қызметі үшін бірнеше рет марапат алған. Алайда батальон командирінің қысымынан және әріптестерінің немқұрайлығынан жұмыстан шеттетілді.

«Әскери бөлімде қызмет ете бастаған күннен бастап 1-батальон командирі (бұрынғы) Қошанов Е.М. мені төсекке тартқысы келді. Ол отбасылы еркек. Бірақ соған қарамастан құр соңымнан қалмай қойды.  Ұсынысынан бас тартқан соң қысымға ұшырадым. Әріптестерімнің көзінше абыройымды түсіріп, мазақ қылды. Оған бағынышты офицерлер ештеңе байқамағандай кейіп танытты», – деп жазды экс-әскери қыз.

Жәбір көрген қыз әскери бөлім басшылығына «сексуалды бағыттағы қудалауға» қатысты бірнеше мәрте арыз жазған. Алайда өтініші қабылданбаған, еш шара қолданылмапты.  

Әріптестерінен қолдау көрмеген қыздың соңғы үміті – ҚР Қорғаныс министрлігінде болған еді. 

Осы жайтқа байланысты Қорғаныс министрлігі түсініктеме берді.

- Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында жедел түрде комиссия құрылып, әскери бөлімді тексеруге кірісіп кетті. Қатардағы жауынгер А.Б. Елшібаеваның әлеуметтік желілерге жариялаған фактілері анықталған жағдайда, кінәлілер қатаң түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылып, тіпті қызметтен шығарудан бастап қылмыстық іс қозғауға дейін жауап береді, - деді Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдері тексеру барысы Қорғаныс министрінің жеке бақылауына алынғанын мәлімдеді.

Тегтер: