Әскери қызметшілерге қызметтен кетерден алты ай бұрын жұмыс табуға көмектеспек
Қазақстанда әскери қызметшілерді азаматтық еңбек нарығына алдын ала дайындап, қызметі аяқталмай тұрып-ақ жұмыс табуға көмектесу ұсынылды.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Ведомство ақпаратынша, бүгінде Қазақстанда еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнетақы алатын 148,7 мың азамат бар. Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, осы санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту жолдарын қарастырып жатыр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Әскери интеграциядан кейінгі қоғамдастығы» қоғамдық қорында өткен кездесуде әскери қызметін аяқтап жатқан азаматтарды кәсіби бейімдеу және олардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу мәселелеріне тоқталды. Ұсынылып отырған тәсіл әскери қызметшілерді қызметін аяқтағаннан кейін емес, азаматтық еңбек нарығына шығуға алдын ала дайындауды көздейді.
«Осы мақсатта қызметтен босатылуға шамамен алты ай қалғанда азаматтың кәсіби тәжірибесі мен құзыреттері бағаланып, оның еңбек нарығындағы мүмкіндіктері айқындалады. Одан кейін кәсіби бейімделудің жеке жоспары әзірленіп, қажет болған жағдайда қайта даярлау, оқыту, сондай-ақ мансаптық және психологиялық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар азаматтарға жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу кезінде жәрдем көрсетіледі», – делінген хабарламада.
Бұл тәсілді алдымен Астана қаласында пилоттық режимде сынақтан өткізу ұсынылып отыр. Пилоттық жоба нәтижесін берсе, Қазақстанның басқа өңірлерінде де қолданылады.