Маңғыстаудағы қайғылы оқиға: бес командир ұсталды
Әскери қызметшілердің қазасына қатысты бес әскери лауазымды тұлға ұсталды. Олар ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікке ілінген.
Астана, NEGE. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдіктілер қатарында ҚР Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, теңіз жаяу әскерлері ротасының командирі және «Қайсар» катерінің командирі бар.
«Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды», – деп хабарлады ІІМ.
Күдіктілер Ақтау қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Тергеу барысында оқу-жауынгерлік міндетті ұйымдастыру мен орындау кезінде қабылданған шешімдер, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, гидрометеорологиялық жағдайдың ескерілуі және катердің техникалық жай-күйі зерделенуде.
Сондай-ақ оқу-жаттығуды өткізуге және әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Полиция хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның ерекше бақылауында.