Асқар Ақаев Қырғызстанға қайта оралды

Құқық қорғау органдарындағы дереккөз Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың отанына оралғанын мәлім етті.

Алматы, NEGE. Ақаевтың елге келу себебі белгісіз. Бұған дейін саясаткер Қырғызстанға биыл 2 тамызда келген болатын.

Ол кезде экс-президент "Құмтөр" жобасы бойынша куәлік беру үшін келген еді. Келгеннен кейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жеткізілді. Сол күні жауап алу аяқталған соң Ақаев журналистердің алдында тергеуге көмектескісі келетінін айтып, сондай-ақ мемлекет басшысы Садыр Жапаровқа алғысын білдірді.

Кейін ол "Құмтөр" жобасын жүзеге асыру кезінде жіберген қателіктері үшін ел халқынан кешірім сұрады. Ақаев іздеу жарияланғанына қарамастан отанына оралып, куәлік беруді ұйғарған.