19 июня 2024 г. 5:04

Асырап алған балаларын қорлаған емші қылмыстық жауапкершіліктен босатылды

Фото: Фото: из открытых источников

Қамқорлығына және асырап алған балаларына қорлық көрсетті деген емшіге қатысты іс Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жабық сот отырысында қаралды.

Алматы, NEGE. Іс ҚР ҚК-нің 140-бабының 2-бөлігі, яғни «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» және ҚР ҚК-нің 110-бабы 2-бөлігінің 1 ,2-тармақтары – «Азаптау» бойынша қаралды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы өтінішхат келіп түскен.

Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, У.Сманов созылмалы және психикалық аурумен ауырады және өз іс-әрекеттерін жасау кезінде ес-түссіз жағдайда болған. Бұл жағдай заң бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартуды жоққа шығарады.

Сот ҚР ҚК-нің 16-бабына сәйкес, У.Смановты қылмыстық жауаптылықтан босатып, оған мамандандырылған психиатриялық стационарда емдеуге мәжбүрлеу түріндегі медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындады.

«Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының қорғаншылық және қамқоршылық органдарына, сондай-ақ Шымкент қалалық полиция департаментіне балаларды психикалық аурумен ауыратын адамның қамқорлығына беру фактісі бойынша жеке қаулылар шығарылды», – делінген сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.