АШӨ: Экспорт 4 есеге артпақ

Шығыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4 есеге артады.

Алматы, NEGE. Өңірде үш ірі май экстракциялау зауыты бой көтермек. Соның нәтижесінде, 1 миллион тоннаға дейін майлы дақылдар өңделетін болады. Бұл жайлы ШҚО әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

«Облыста ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударылған. Негізгі міндеттердің бірі – жемшөп дақылдарының егіс алқаптарын ұлғайту. Инвестициялық жобалардың арқасында 2025 жылға қарай осы мақсаттағы егіс алқабы 28 мың гектарға ұлғайтылады», – деді ол.

Аймақ басшысының айтуынша, ең алдымен экспортқа арналған өнім көлемін арттыру көзделіп отыр. Жоспар бойынша алдағы жылдары ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 4 есеге өседі.

«Сондықтан өнімділікті, жайылым алқаптарын көбейтуді, ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту және өндірістерді жаңғырту бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сондай-ақ ветеринария саласын дамытудың да кешенді жоспарын әзірлеу қажет», – деді Даниал Ахметов.