4 марта 2026 г. 14:25

Ашылмай қалған істерге жаңа мүмкіндік: Депутат жеке детективтердің рөлін түсіндірді

Фото: ҚР Парламент Мәжілісі

Қазақстанда жеке детективтік қызметті заңмен реттеу ұсынылды. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, жаңа заң азаматтарға өз құқықтарын қорғауға қосымша мүмкіндік береді.

Астана, NEGE. Парламент Мәжілісінің қарауына «Жеке детективтік қызмет туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжаттар келіп түсті. Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің айтуынша, құжаттың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерін кеңейту.

«Біз бұл заң жобасын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ұсынып отырмыз. Қазір кей адамдар өз құқығын қорғау немесе істің ақ-қарасын анықтау үшін қосымша қызметке жүгінгісі келеді. Жалпы, бұл салада қызметін ұсынғысы келетін мамандар да көп. Бірақ елімізде мұндай институт әлі қалыптаспаған», – деді Мәжіліс депутаты.

Бақытжан Базарбектің сөзінше, кей жағдайда қылмыстық істер дәлелдердің жеткіліксіздігінен тоқтатылып жатады. Осындай кезде жеке детективтер істің мән-жайын зерттеп, қосымша материалдар жинауға көмектесе алады.

«Кейде тергеу амалдары жүргізілгенімен, іс ұзаққа созылады немесе дәлелдер жетіспегендіктен жабылады. Осындай жағдайда кәсіби детективтер клиентінің атынан қосымша деректер жинап, істің мән-жайын жан-жақты зерттей алады», – деді ол.

Заң жобасына сәйкес, детективтік қызмет лицензия негізінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ детективтердің ресми сұрау салуларына мемлекеттік органдар жауап беруге міндетті болуы тиіс. Алайда банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялар бұл талапқа жатпайды.

Депутаттың айтуынша, заң жобасында детективтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және клиенттердің жеке деректерінің құпиялығын сақтау мәселелері де қарастырылған.

«Егер детектив өз өкілеттігін асыра пайдаланып, азаматтардың жеке деректерін заңсыз жинап немесе жарияласа, оны лицензиясынан айыру тетіктері қарастырылуы керек. Ал құпия ақпараттың жариялануы салдарынан азаматтардың құқықтарына зиян келсе, детектив те, детективтік ұйым да заң алдында жауап береді», – деді Бақытжан Базарбек.

Мәжілісменнің айтуынша, бұл заң жобасы жеке детективтік қызметтің құқықтық негізін қалыптастырып, саладағы жұмысты нақты ережелер арқылы реттеуге бағытталған.