Ашықтықтың астары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев адалдықтың жария рейтингі енгізілетіні туралы хабарлады. Оның негізгі көрсеткіштері ретінде билік өкілдерінің ашықтығы, елге жақындығы аталады. Осылай деген төрағаның өзін журналистер елді дүрліктірген соңғы қылмыстық істер бойынша түсініктеме беруге әзер көндірді («Скрепя открытостью», «Время» газеті).

Сәрсенбі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігіндегі арнайы мониторинг тобы алқасының қорытынды жиынында сөз алған Алик Шпекбаев бес жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия жүзеге асып жатқанын жеткізді. Құзырлы орган қылмыстық қудалаудан бұрын, сыбайлас жемқорлыққа жетелейтін жағдайлар мен себептердің алдын алуға басымдық беретінін айтты.

– Біз адалдықтың жария рейтингін енгізіп жатырмыз. Ол жерде мемлекеттік органдардың ашықтығы, тазалығы және билік өкілдерінің халыққа жақындығы қаншалықты екені көрінеді. Үстіміздегі жылы жүзден астам қызмет көрсетуші әкімдік ашылды. Біздегі 220 ауданның 50 пайызға жуығы open space – ашық, еркін кеңістік форматына көшті. Үш жүзден астам мемлекеттік мекеме кедергісіз фронт-офис құрды. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінің  өзгеріп жатқанын білдіреді, - деді еліміздегі жемқорлықпен басты күрескер. 

Арнайы мониторинг тобының отырысынан соң журналистер Алик Жатқамбайұлынан сұрақтарына жауап беруін өтінді. «Мұның бәрі жиында айтылды» деген уәжбен ол жауаптан жалтарды. Бастығын тілшілерден арашалағысы келген баспасөз қызметінің өкілі «шлагбаум» секілді екі ортаға қолын қойып бақты. 

– Сіз жаңа ғана мемлекеттік органдардың ашықтығы туралы жария еттіңіз, ал өзіңіз тілшілермен тілдесуден бас тартасыз! – деп наразылығымды білдірдім.

– Жақсы, сұраңыз, тек отырыстың тақырыбынан ауытқымаңыз, – деп Алик Шпекбаев келіскен түр танытты.

Бірақ мен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің тергеушілері әлі күнге дейін тергеліп жатқан бұрынғы энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековтің ісі бойынша тергеу сотының 2018 жылы жаңа сот-құрылыс экономикалық сараптама тағайындау туралы қаулысын неге ескермей отырғанын сұрадым.

– Сәдібеков бойынша тергеу аяқталды, кеше істі сотқа жолдау үшін Бас прокуратураға бердік. Қалған сараптамалар сот барысында жүргізілетін болады, – деді Шпекбаев.

– Орынбасарыңыз Олжас Бектенов ІІМ органдары психологиялық қысым көрсету белгілері бойынша алты қылмыстық істі тергеп жатқанын мәлімдеді. Ол жерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің үш қазіргі және екі бұрынғы офицері күдікке ілінген. Күдіктілер қандай істерді тергеп еді? Олардың аты-жөндерін айта аласыз ба?

-– Мұндай шағымдар бойынша (азаптау туралы) бірден қылмыстық іс қозғалады. Кейбір құрылымдарда осындай мың-мың жарымға дейін іс өтеді. Біз ондай істердің нәтижесіз аяқталатынын жақсы білеміз, тек бірен-сараны сотқа жетеді. Көп іс қылмыс құрамы болмағандықтан жабылады. Үш қызметкер бойынша шешім қашан шығады дегенге келсек... Асығыстық жасамаңыз! Олардың бәрі тергеу сатысында. Бізде бұл сирек кездесетін жағдай! – деді құзырлы орган басшысы.

Айта кету керек, Алик Шпекбаевтан сұхбат алып тұрған журналистердің жұмысына бастығымен бірге суретке түскісі келген арнайы мониторинг тобының мүшелері әбден кедергі келтірлі. Олар түскі асқа асығып жатқанын, бастықтарының жолын бөгеп тұрғанымызды айтып, айғайлаумен болды. Алдында ғана отырыс үстінде арнайы мониторинг тобындағы қоғам белсенділері өздерінің жұмыстары туралы БАҚ мардымсыз мәлімет береді деп ренжіп отыр еді…

– Кейде бізге жариялануға мүмкіндік береді, айқара бетін ұсынбаса да, басылымның бір бұрышы тиіп қалады, – деп жауап қатты Шпекбаев.

Бұл аралықта жиын кезінде арнайы мониторинг тобының мүшесі Сажида Cйтбаева Ішкі істер  министрлігінің қызметіне жасалған мониторингтің нәтижелерімен бөлісті:

– ІІМ-нің әлеуметтік желілердегі парақшасы өте белсенді. 2018 жылмен салыстырғанда оң өзгерістер бар. 2019 жылғы өзгерістер де жақсы, тек мардымсыз. ІІМ тарапынан құқық қорғау органдарындағы реформа туралы түсіндірме материалдар көп болды. Бірақ 2018 жылы Денис Теннің өлімі қоғамды дүрліктірді. ІІМ бұл жағдайға дұрыс, объективті әрі дұрыс жауап қата алмады, шұғыл түрде брифинг, баспасөз мәслихатын өткізбеді. Біз ІІМ қоғам үшін ең жабық құрылым болып қалуда деген қорытынды жасадық.

Сайтбаеваның пікірінше, құқық қорғау органдарының қызметкерлері азаматтармен дұрыс сөйлесуді білмейді. Әсіресе, өздерін бейнежазбаға түсіре бастағанда немесе басқа да оқыс оқиғалар кезінде олар өздерін қалай ұстау керектігінен хабарсыз.

Лэйла Тастанова, Нұр-Сұлтан

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты