Аша Матай көрерменіне үндеу жолдады
Әнші әрі "Қалауым live” бағдарламасының жүргізушісі Аша Матай декретте болса да, соңғы кездері танымал жобаның төңірегінде болып жатқан оқиғаларға алаңдап отыр. Телеарна басшылығына телефон шалып, мән-жайды біліп, әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.
"Құрметті «Қалауым Live” бағдарламасының көрермендері! Менің бірталай уақыттан бері сәбилі болуыма байланысты демалыста екенімді білесіздер. Бағдарламаны басқа жүргізушілер жүргізуде. Алайда, соңғы кезде бағдарламада болған оқиғалар мені де алаңдатып отыр. Ол бағдарламадан редакторлардың және бірнеше қатысушылардың кетуі. Осы мәселе бойынша мен телеарнаға телефон шалып бар мәселені білдім. Телеарнаның “Қалауым live” бағдарламасының басшыларының айтуынша, осы кеткен редакторлар мен қатысушылардың ішкі тәртіпті бұзып, тиісті форматтың шегінен шыққаны үшін келіспеушілік болып, бағдарламадан кетірілгенін айтты. Және де ешқандай қатысушының бағдарламаға ресми шақырылмағанын, олардың өз еріктерімен келгенін, және оларға ешқандай жасанды рөл атқаруды ұсынбағанын мәлім етті" - деп жазылған әншінің Инстаграмдағы жазбасында.
Ал, өзім жүргізіп отырғанда мен ешкімнің эфирде жасанды рөл ойнауына жол бергенім жоқ, бермеймін де. Ондай жасанды мінез көрсеткен қатысушыларды, талай рет ескерту жасап, тиісті орнына қойғанмын, оны телеарна ұжымы, қатысушылар және көрермендер жақсы біледі. Сіздерге анық менің айтарым, “Қалауым Live” бағдарламасында қатысушыларға және үміткерлерге ешкім жасанды рөл ойнауды ұсынбайды, олай біреу айтқан болса, ол жалған және шындыққа жанаспайды. Бұған көз жеткізу оңай! Келіп қатысыңыз, көресіз, білесіз, көзіңіз жетеді менің айтқаныма. Сондықтан, өсек-аян, жала, алып-қашпа әңгімеге сене бермеңіздер.
"Ол келіспеушіліктен туындаған, эмоциядан, немесе жай ғана қызғаныштан туындауы мүмкін. Кімнің аузына қақпақ қоямыз" - дейді Аша Матай. Әншінің айтуынша, бағдарламаны көргісі келмейтіндерді ешкім зорламайды, әркімнің өз пікірі өзінде болғаны дұрыс.
"Тек мәдениетті болуға тырысайықшы. Өз басым, осы уақытқа дейін ешкімді, өнер адамдарын, телевидение немесе басқа бағдарламаларды жамандап көрмеппін, ұсақ пияр, ұсақ бедел жинағанды жек көремін. Және де ешкімге ренжімеймін, бәріміз пендеміз, құдайдың құлымыз, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екеніне тек Жаратушы Иеміз төреші!" - деп аяқтайды, Аша Матай өз үндеуінде.