Аша Матай мен Тамара Асар Құрылтай сайлауына түседі

Қазақстан Халық партиясының кезектен тыс XXV съезінде Құрылтай депутаттығына ұсынылған 72 кандидаттың есімі жарияланды. Тізімде тележүргізуші Аша Матай мен әнші Тамара Асар да бар.

Nege media иллюстрациясы

Астана, NEGE. Съезд барысында партияның сайлауалды бағдарламасы, Құрылтай депутаттығына ұсынылатын кандидаттарды бекіту және саяси кеңестің жаңа құрамын сайлау мәселелері қаралды.

ҚХП Құрылтай сайлауына барлығы 72 кандидатты ұсынды. Олардың қатарында партия төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов, оның орынбасары Бейбіт Құсайынов, Мәжілістің экс-депутаттары Ирина Смирнова мен Ислам Сұңқар, тележүргізуші Аша Матай және әнші Тамара Асар бар. Ал Мәжілістің бұрынғы депутаты Магеррам Магеррамов бұл жолы кандидаттар тізіміне енгізілмеді.

Кандидат ретінде ұсынылған Аша Матай Құрылтай құрамына өткен жағдайда мәдениет, балаларға арналған анимациялық контент және денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді көтеруге ниетті екенін айтты.

«Әрине, ниеттімін. Көтеретін мәселе көп. Өнер жағынан келгеннен кейін үлкен мәселелерді көтеруге болады. Ана ретінде мультфильмдерге көңіл бөлер едім, медицина саласына да атсалысар едім. Мәселелер көп. Оларды дер кезінде айтып, дер кезінде шешу керек деп ойлаймын», – деді ол.

Ал Тамара Асар өз тәжірибесін қоғам игілігіне жұмсауды мақсат ететінін айтып, мүмкіндігі шектеулі жандарды протездеу мәселесіне ерекше назар аударғысы келетінін жеткізді.

«Мен жиған білімімді халыққа қайтаруым керек. Партияның барлық ұстанымымен жұмыс істеймін. Ал өзім ерекше көңіл бөлетін мәселе – аяқ-қолынан толық айырылған адамдарды протездеу. Осы саланың мүшесі ретінде бұл бағыттағы мәселелерді көтеруге жауап берем деп ойлаймын», – деді әнші.

Сайлауалды бағдарламасында Қазақстан Халық партиясы әлеуметтік әділеттілікті нығайту, еңбек адамын қолдау, табыс теңсіздігін азайту, көпбалалы отбасыларды, жастарды, зейнеткерлерді және әлеуметтік осал топтарды қорғау мәселелеріне басымдық беретінін мәлімдеді.

Съезде сөз сөйлеген партияның бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаев бәсекелес партияларды сынап өтті. Оның сөзінше, елге саяси декорациялар мен бутафориялық партиялар емес, халық сенімі үшін күресетін күшті партиялар қажет. 

Nege media

Ертісбаевтың пікірінше, «Байтақ» партиясы мемлекет жүргізіп отырған экологиялық саясатты қайталайды және өзіндік саяси бағдарламасын ұсына алмады. Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның атауы оның нақты саяси салмағына сәйкес келмейді деп есептейді. 

«Қазақстанда әртүрлі саяси күштер бар. Қазақстан Халық партиясы да социал-демократиялық қағидаттарды ұстанады. Сондықтан өздерін «жалпыұлттық» деп атауы, кем дегенде, даулы көрінеді. Партияның атауы саяси амбицияны емес, шынайы жағдайды көрсетуі керек», – деді Ертісбаев.

Сондай-ақ ол Respublica партиясының атауын сынға алып, бизнестің мүддесін қорғау үшін жеке саяси партия құрудың қажеттілігіне күмән келтірді. Оның сөзінше, бизнестің мүддесін мемлекет пен Президенттен артық ешкім қорғай алмайды. 

«Айтыңыздаршы, бүгінде бизнестің мүддесін мемлекет пен Президенттен артық қорғайтын кім бар? Сондықтан бизнестің ғана мүддесін қорғайтын саяси партия құру – қоғамдық саясатты корпоративтік лоббизммен алмастыру деген сөз», – деді Ертісбаев.

«Ауыл» партиясына қатысты Ертісбаев партияның өзіндік идеологиясы жоқ деген пікір білдірді. Оның сөзінше, партия мемлекеттік субсидиялардың негізгі үлесін алатын тар ауқымдағы агробизнес өкілдерінің мүддесін қорғайды. Саясаткер олардың әрекетін аграрлық бизнестің мүддесін саяси жобаға айналдыру деп бағалады.

«Елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары министрлігі, Агробанк, облыс әкімдіктері және ауыл шаруашылығына миллиардтаған қаржы бөлетін мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Саяси партия субсидияларды қайта бөлу үшін емес, қоғамда әділетті жүйе қалыптастыру үшін күресуі керек», – деді Ертісбаев.

Сонымен бірге Ермұхамет Ертісбаев басқа партиялардың ішінде «Әділетті» негізгі саяси бәсекелес ретінде бағалап, оның құрамында тәжірибелі кадрлар мен кәсіби менеджерлер шоғырланғанын атап өтті.

Айта кетейік, Құрылтай сайлауы қарсаңында өткен партиялардың кезектен тыс съездері өзара саяси сынмен ерекшеленіп отыр. Respublica партиясы кейбір саяси күштерді «декоративті понилерге» теңесе, «Ақ жол» демократиялық партиясы кейбір саяси ұйымдарды «блогерлер жиналған партия» деп сынаған болатын. Ал «Ауыл» партиясының съезінде экс-депутат Жигули Дайрабаев социал-демократтардың бағытына күмән келтірген болатын.