Әсет Матаев парламент сайлауына түседі

Журналист Сейітқазы Матаевтың ұлы Әсет Матаев Мәжіліс сайлауына түсетінін мәлімдеді.

Алматы, NEGE. Бұл туралы Әсет Матаев Facebook парақшасында жазды. 

– Мәжіліс депутаттығына сайлауға түсу ниетім бар. Жеңіске жеткен жағдайда менің Парламенттегі дауысым Алматы тұрғындарының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мүддесін қорғайтын болады. Мені әр өңірдегі жастар өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерім қолдап отыр. Олар өзгерістер мен дамуды қалайды. Біреулер дамуды сырттан іздеп жүр. Ал мен өз өмірімді қасиетті Отаныммен байланыстырамын. Біздің ұрпақ көптеген мәселені шешіп, Қазақстанды өркениеттің даңғыл жолына бағыттай алады деп сенемін! – деді ол жазбасында. 

2022 жылы Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы әкелі-балалы Матаевтардың ісін қарап, оларға қатысты 2016 жылғы 9 желтоқсандағы үкімінің күшін жойған болатын. Сейтқазы мен Әсет Матаевтардың әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылды.

– Қайғылы қаңтар оқиғасының кейін жарты жыл өткен соң менің өмірім күтпеген жерден басқа арнаға бұрылды. Бұған дейін бірнеше дүркін табанды түрде талап етсек те, тауымызды шағып, шарасыз күйге түсірген Жоғарғы Сот әкем Сейітқазы Матаев екеуімізді ақтап шығарды. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Жоғарғы Сот мемлекет атынан бізді заңсыз соттағаны үшін кешірім сұрады. Саяси астары бар осы қылмыстық іс Бас прокуратура қызметкерлерінің мұқият қарауынан кейін жойылып, қазір ол Жоғарғы Сот бюллетенінде негізсіз сотты болып, үкім шығарудың мысалы ретінде жарияланып жүр. Мен осы сәттен бастап Әділетті Қазақстанның рухын шынайы сезіндім. Мен үшін Әділетті Қазақстан – адам құқығы мен заң үстемдігі бәрінен биік тұратын әділетті мемлекет, әділетті қоғам. Яғни, барлық адамның құқығы заңмен қорғалып, қылмыс аяусыз жазалануы тиіс, – дейді Матаев.

Ол Алматы қаласындағы бір мандатты №5 сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлауға түседі.