«Asar Baspana» қаржы пирамидасының ұйымдастырушылары сотталды

Алматыда 90 мыңға жуық азаматтан 25 млрд теңгеге жуық қаражат тартқан «Asar Baspana» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шықты.

pixabay.com

Астана, NEGE. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Нұрбол Туғанбаев есімді азамат сыбайластарымен бірге салымшыларға ай сайын 30%-ға дейін табыс түсетінін уәде етіп, қаражат тартқан.

Ұйымдастырушылар азаматтарды бірнеше кәсіпорынның жұмысы туралы жалған ақпаратпен сендірген.

«Сотталғандар салымшыларды құрылыс материалдарын өндіру, тігін цехын жүргізу, тұрмыстық және медициналық техника шығаратын зауыт жұмыс істеп тұрғаны туралы жалған мәліметпен жаңылыстырған. Шын мәнінде, өнімдер өзге жеткізушілерден сатып алынып, «Asar Baspana» логотипімен таңбаланған», – деп хабарлады ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі.

Сонымен қатар, салымшылардың ұйымға сенімі төмендей бастаған кезде ұйымдастырушылар автомагазиндер ашып, дилерлермен ынтымақтастық орнатқандары туралы жалған ақпарат береді.

Тергеу мәліметінше, іс жүзінде автокөліктер салымшылардың ақшасына сатып алынып, ұйымдастырушылардың туыстарының атына рәсімделген.

Сот үкімімен Нұрбол Туғанбаев 8 жылға, ал басқа үш ұйымдастырушының әрқайсысына 7 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал қаржы пирамидасының 13 өңірлік жетекшісі 5 жылға шартты түрде сотталды.

Сонымен қатар жалпы сомасы 5,6 млрд теңге болатын бұғатталған активтер жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеуге бағытталады. Мүліктің қалған бөлігі мемлекет кірісіне өткізіледі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.