«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қаза тапқан кеншілердің отбасына 3 млрд теңге бөлді
«Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы БӨЛЕКПАЕВ журналистердің сауалдарына жауап берді.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының Костенко атындағы шахтасында 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Шахтадан 46 кеншінің мәйіті табылды. Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай көмек көрсетіліп жатыр?
Облыс әкімі брифинг барысында оқыған баяндамасында бұл туралы орыс тілінде айтып өткен болатын. Дегенмен NEGE тілшісі бұл сұраққа қазақ тілінде жауап беруін сұрады.
«АрселорМиттал Теміртау» 10 жылдық жалақыны төледі. Бұл 3 млрд теңгеден асып отыр. Компания сол қаражатты бөлді. Қазіргі таңда 44 отбасы ақшалай көмек алды, қалған 2 отбасы құжаттарын жасап жатыр. Несие бойынша айтатын болсақ, қайтыс болған кеншілердің, олардың жұбайларының, ата-аналарының, балаларының 300 млн теңге сомасында несиелері жабылды. Бұл жұмыс ары қарай да атқарылатын болады. Жерлеу мәселесі, мазарын көтеру жұмыстарына кететін шығынды «Арселлор Митал» төлеп жатыр», - деп жауап берді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімінің айтуынша, 18 жасқа дейінгі балалар үшін (23 жасқа дейін оқу мерзіміне) сақтандыру төлемдері беріледі.
Сонымен қатар, шахтадағы оқиғада зардап шеккен 4 адам емдеу мекемелерінде, олардың жағдайы орташа және жеңіл. Қазіргі таңда қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.