Армяндар мен әзербайжандар Ресейде де сыйыспай жатыр
Мәскеуде армяндар мен әзербайжандар төбелесті. 25 шілде күні Мәскеу полициясы отыздан астам адамды ұстағанын, оларға төбелеске қатысты және тәртіпті бұзды деп айып тағып отырғанын хабарлады. 25 шілде күні Санкт-Петербург полициясы армяндар мен әзербайжандардың тағы бір қақтығысын болдырмау үшін ондаған адамды алдын ала ұстап әкеткен.
Алматы, NEGE. Мәскеудегі қақтығыс 24 шілде күні болған. Төбелес бір топ әзербайжан армяндарды соққыға жықаннан кейін басталған көрінеді. Желіде тараған видеода бірнеше ер адам армениялық нөмірі бар машиналарға зақым келтіріп, жүргізушісін ұрып жатқаны байқалады.
Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі құқық қорғау органына сілтей отырып, 24 шілде күні бір топ әзербайжан армяндарға тиесілі құрылыс дүкеніне шабуыл жасады деп хабарлады. Дүкен Мәскеу қаласының Саларьево ауданында орналасқан.
Сол күні жеті армян Братислава көшесіндегі әзербайжан дәмханасын шабуылдаған.
Одан кейін армяндар мен әзербайжандар төбелесіп, қаладағы бір-біріне тиесілі дүкендер мен дәмханаларды шабуылдаған. Армения және Әзербайжан дипломаттары тараптарды тынышталуға шақырды. Бірақ мұның әсері бола қоймаған көрінеді. Қақтығыс одан әрі жалғасқан.
Ресейдегі Армяндар одағы мәлімдеме жасап, 24 шілде күні Ресей ұлттық қауіпсіздік қызметінің шенділері армян қауымдастығы өкілдерімен кездескенін, кездесу барысында қақтығысты қоздырғандар жазаланады деп уәде бергенін айтты.
Мәскеудегі топалаң Армения мен Әзербайжан елдері арасындағы қақтығыстың жалғасы болып отыр.