Арменияның бұрынғы президенті мен оның ұлы ұсталды

25 тамызда Арменияның бұрынғы президенті Роберт Кочарян мен оның үлкен ұлы Седрак Кочарян ұсталғаны белгілі болды.

oc-media.org

Астана, NEGE. News.am ақпаратынша, бүгін таңертең Кочарян Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке жеткізілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет Кочаряндар отбасының үйлерінде тінту жүргізіліп жатқанын растады.

«Арменияның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінде тергеліп жатқан сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстарға қатысты қылмыстық іс аясында бірнеше ондаған мекенжайда тінту және өзге де процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр», – деп мәлімдеді комитеттің баспасөз хатшысы Марина Оганжанян.

Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері Роберт Кочарянның кіші ұлы, «Армения» фракциясының депутаты Левон Кочарянның үйіне де тінту жүргізуге барған. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, оны да Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетке жеткізген.

Айта кетейік, Роберт Кочарян – Арменияның екінші президенті, ол елді 1998– 2008 жылдар аралығында басқарған. 2020 жылы оған 2008 жылы конституциялық құрылысты құлатуға әрекет жасады деген айып тағылғаннан кейін, 4 млн доллар кепілмен босатылған. Бір жылдан кейін Кочарянға қатысты іс тоқтатылды.