«Арыстанбек Мұхамедиұлы енесінің атындағы қонақ үйде құда күтті»
Чиновник kz
телеграмм-каналы бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Нұр-Сұлтандағы «Дипломат» қонақ үйінде құда күткенін хабарлады.
«11 сәуірде елордадағы «Дипломат» қонақ үйінде бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қызы Айжан Мұхамедиге қазақтың ұлттық дәстүрімен «Сырға салу» өткізді. Тойдың алдындағы шараға шамамен 100 қонақ шақырылған.
Қонақ үй қызметкерлеріне фото-видео түсірілім жасауға тыйым салынды», – деп жазды телеграмм-канал.
Жуырда өнер қайраткерлерінің «Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұловаға шабуылдың артында А.Мұхамедиұлы тұр» деп мәлімдегені есте. Тілшіміз осы мәселеге қатысты түсініктеме алмақ үшін хабарласқанда, А.Мұхамедиұлы «мағыналы интервью» беруге өзі сұранған-ды. Алайда бұрынғы министр уәдесінен тайып, «мағыналы интервьюін» басқа журналистке беріпті. Бізге өкпелеген түрі болса керек. Ал біз оған өкіне қоймадық...
Қош, сонымен А.Мұхамедиұлы «мағыналы интервьюінде» жоғарыда сөз болған «Дипломат» қонақ үйіне қатысты бүй дейді: «Интернетті ашсаңыз, барлығы бар. Әйелімнің атындағы, енемнің атындағы, өткен жылы балаларымның атына ашқан фирмалар бар. Оны жасыру мүмкін емес. «Дипломат» гостиницасының 71 пайызы менің енемнің атында. Өткен жылы сатып алдық...».
Жоғарыда телеграмм-канал сөз еткен қызына қатысты журналистің: «Айжан қызыңызды тұрмысқа беріп, үлкен қуаныш болды, солай ғой?», – деген сұрағына А.Мұхамедиұлы былай деп жауап беріпті: «Иә, солай. Енді береміз. «Шапағат» та («Шапағат» базары – ред.) соған сыйлықтың бір түрі дегендей ғой...».
Әлеуметтік желіде жарияланған «Сырға салуға» қатысты деректі нақтылау үшін тілшіміз Арыстанбек Мұхамедиұлынан: «Қыз ұзатқаныңыз рас па? Әлде бұл сырға салу ма?», – деп сұраған. Бұрынғы министрден уатсап желісі арқылы мынадай тілдей жауап келді: «Жалған ақпарат. Сүрет «Астана операдан». 3-4 жылғы бұрын».
«Астана операда» табақ-табақ ет тартатынын және «шүлен тарататынын» біз естімеппіз, ал Сіз естідіңіз бе?..